Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2022 жылы 11 қантарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Мемлекеттік аппарат реформалардың қозғаушысы және орындаушысы болып табылады, азаматтарға маңызды мемлекеттік қызметтер көрсетеді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасың іске асырылуын қамтамасыз етеді» деп атап өтті.
Бұл ретте, мемлекеттік аппарат алдында туындайтын жаңа тұрпаттағы міндеттемелер мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесінің жұмыс істеуін талап етеді. Осы мәселелерді шешуде мемлекеттік аудиттің мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі ретінде рөлі арта түседі.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты - бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
Бұл ретте, мемлекеттік аудиторлар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін атқару барысында қызметтік әдепті сақтауға міндетті.
Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізудің тиімділігін, дәйектілігі мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік аудит органдарының қызметіне қойылатын негіз қалаушы талаптарды Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы №167 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жалпы стандарттары қамтиды.
Жалпы стандарттарға мыналар жатады: тәуелсіздік; әдептілік; объективтілік; кәсіби құзыреттілік; кәсіби пайым; есептілік; анықтық; ашықтық; жариялылық; құпиялылық; мемлекеттік аудит нәтижелерін өзара тану; басқару; сапа бақылауы.
Жалпы стандарттарды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуге тартылған жеке және заңды тұлғалар қолдануға міндетті.
Жалпы стандарттарының «Әдептілік» стандартына тоқталатын болсақ, оның мақсаты - мемлекеттік аудиторлардың әдеп талаптарын және кәсіби мінез-құлық қағидаттарын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекеттік аудиторлар аудит объектісінің пікірінен, қоғамдық пікірдің әсерінен тәуелсіз болуға, өздерінің әрекетімен қоғам тарапынан негізделген сынға себеп болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, сындарлы сынды кемшіліктерін жоюға және өздерінің кәсіби қызметін жақсартуға пайдалануға тиіс. Сонымен қатар олар даулы жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп қағидаларына сәйкес әрекет етулері қажет, ал қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстанғаны, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермегені жөн.
Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметшінің, оның ішінде мемлекеттік аудиторлардың басты мақсаты – халыққа адал қызмет ету. Бұл жолда олар халықтың мүддесін жоғары қойып, әділ шешім қабылдап, қарапайымдылық, әдептілік, адамгершілік танытуы тиіс.
Батыс Қазақстан облысы бойынша
Тексеру комиссиясының мүшесі,
Әдеп жөніндегі уәкілі Қ. Алпысбаев