Телефон доверия: 8 (7112) 51-54-84

Көптеген елдердегі мемлекеттік басқаруды реформалау - мемлекеттік қаржылық бақылауды мемлекеттік аудит түрінде қайта құруға алып келді. Осы кездерде мемлекеттік аудит әлемнің барлық елдерінде жұмыс істеп, оның соңғы жылдарда белсенділігі арта түсті. Мемлекеттік аудиттің негізгі бағыт-бағдары-мемлекет және қоғам атынан елдің ұлтық ресурстарын басқарудағы мемлекеттік басшылық қызметіне тәуелсіз бақылау жүргізуді қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстанда мемлекеттік аудит Елбасымыздың  2015 жылы 12 қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы»  және  «Мемлекттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі мәселелер бойынша  кейбір заңи актілерге толықтырулар мен  өзгерістер енгізу» туралы заңдарына қол қойған күнінен бастау алады. Ол заңи актілер халықаралық стандарттарды назарға ала отырып,

Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізуді жүзеге асырудың  концепциясы негізінде дайындалды. Заңдарды дайындау барысында Лим декларациясы принциптері, Дүниежүзілік банкі мен Экономикалық серіктестік және даму ұйымы (Ұлыбритания, Канада, Германия, Франция, Турция, Ресей), кеңесшілерінің ұсыныстарын ескере отырып, аудиттің Халықаралық кәсіби стандарттары негізге алынды.(Қаржылық бақылаудың жоғары органдарының Халықаралық ұйымы,ішкі аудиторлардың институты,бухгалтерлердің Халықаралық федерациясы)

Бұл заңдардың басты мақсаты – қаржылық бақылаудың жоғарғы органдарының әрекет етуінің алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибесін зерттеу негізінде халықаралық аудит ұстанымдарын және Лим декларациясының талаптары  мен аудиттің қызмет атқаратын халықаралық стандарттары мен елдің ерекшелігіне сай мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру.

Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесі субьектілерінің бірі ретінде жоғарыда айтылған заңдардың жобасын дайындау мен талқылауға белсене қатысты, біраз ұсыныстар айтылып, олардың дені есепке алынып, қолданысқа енгізілген заңның аясында өз орынын тапты. Қабылданған заң ең алдымен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауға қатысты қоғамдық қарым-қатынасты ретке келтіреді, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілеттігін айқындап, қызметтерін ұйымдастырады. Субьектілеріне байланысты мемлекеттік аудит сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит болып бөлінеді.Сыртқы мемлекеттік аудиттің негізгі міндеті - ұлттық ресурстарды тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен  елдің ұлттық қауіпсіздігін  қамтамасыз етуді тұрақты дамытуға тиімді пайдалануды бағалау   болып табылады. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына Есеп комитеті мен республикалық маңызы бар  облыстың, қаланың және астананың тексеру комиссиялары жатады. Тексеру комиссияларының сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу жағынан алғандағы міндеттері Есеп комитетінің міндеттерімен бірдей. Аудиттің бақылаудан ерекшеленетін негізгі қырына келетін болсақ, ол – негізінен ескертумен шектелетіндігі. Мемлекеттік қаржылық бақылау - бұзушылықты анықтауға бағытталады және ықпал ету шараларын (әкімшілік өндіріс қозғауға, келтірілген шығынның орынын толтыруға  (жоюға), тәртіптік жауапкершілікке тартуға, материалдарды заңи шешімдер алу үшін құқ қорғау орындарына жолдауға) қолданады. Ал, мемлекеттік аудит нысанның қызметін жетілдіру мен  тиімділігін арттыруға бағытталған қызыметті  басқаруды бағалауға арналып енгізіліп отыр. Сонымен, кез-келген нысанның қызметіне мемлекеттік аудит жүргізгенде оның жұмысында қолданыстағы заңнан ауытқушылық анықталып жатса, мемлекеттік қаржылық бақылаудың міндетті ықпал ету шаралары қолданылуы тиіс. Мемлекеттік қаржылық бақылау Есеп комитетінің, тексеру комиссияларының және сырты аудит бойынша өкілетті органның қызметінде қолданылады. Бұған дейінгі жылдарда қаржылық бақылаудың қызметі  ең алдымен заң талаптарын бұзушылық фактілерін  әшкерелеуге, белгіленген нормалар мен процедуралардан ауытқушылықты анықтауға  бағытталса, қолданысқа енгізілген мемлекеттік аудиттің басты мақсаты – бұзушылықты жоюмен қатар,оны ескертуге, азайтуға ықпал етеді.

Мемлекеттік аудит қандайда болмасын сәйкессіздіктерді көрсетіп қана қоймай, оның себеп-салдарын безбендеп, пайдалану мүмкіндігі мен қабілетін анықтайды, мемлекеттің қаржы ресурстарын мол қайтарыммен, үлкен тиімділікпен басқаруға бағыттап отыруы тиіс. Мемлекеттік аудит қаржылық ресурстарды басқарудағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызмет атқару сапасын бағалауға да мұрындық бола алады.

Жалпы алғанда, мемлекеттік аудит мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлар субьектілерінің экономиканы немесе оның жекелеген салаларын  басқару тиімділін арттырудағы қызметіне баға беріп, мемлекет қаржысы мен активтерін басқару мен пайдалану тиімділігін арттыру үшін дер кезінде ұсынбалар дайындайды.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң қабылдануына орай, Тексеру комиссияларының ролі сыртқы мемлекеттік аудит органдарының бірі ретінде айтарлықтай күшейе түсті. Бізге жаңа өкілдіктер жүктелген олар: жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субьектілері тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген (жұмсалған) жергілікті қаржы ресурстарының мөлшері мен сатып алынған тауарлардың,жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық құны арсындағы айырмашылықтардыы бағалауды қоса алғанда,мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субьектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға баға белгілеу тәртібін жоспарлау негізділігін, іске асырылуын және жүзеге асыру тиімділігіне,салықтық әкімшілендірулерге, келісішарттарға,қоршаған ортаны қорғау мен ақпараттық технологиялар жүйесіне аудит жүргізу. Одан басқа тексеру комиссиясы бюджеттің орынын толтыру мақсатында, жұмысты орындау арқылы қалпына келтіру, қызмет көрсету, тауар жеткізіп беру немесе есеп бойынша бұзушылықтың  сомасын көрсете отырып ұйғарым белгілеп сотқа талап арыз түсіруге құқылы.

 Тексеру комиссиясының қызметіндегі маңызды бағыттарының бірі – 2019 жылдан бастап, жергілікті бюджеттің нығайтылған қаржылық есебіне, бюджеттік бағдарламалардың әкішілері мен  мемлекеттік мекемелердің қаржылық есеп беруіне аудиттер жүргізу болмақшы.

 Мемлекеттік аудиттің жетілдіріліп  дамуы үшін әртүрлі салалардан білімі мен  білігі жоғары, мемлекеттік аудиттің  теориясы мен практикасын ұштастыра алатын сұңғыла мамандар қажет. Міне осыған байланысты заңға сәйкес мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жүйесі енгізілген. Ол тексерушілердің кәсіби деңгейін жоғарлатып, мемлекеттік аудит органдарының қызметкерлеріне деген біліктілік талаптарды арттыра түспек. Ондай сертификат қызметкердің білімі мен біліктілігін дәлелдеуімен және  мемлекеттік аудиторларды сертификаттау бойынша Ұлттық комиссияның оң   ұйғарымы шыққаннан кейін барып беріледі. Жұмысшы органы Есеп комитеті болып айқындалған Ұлттық комиссияның құрамына Президент Әкімшілігінің, Парламент,Үкімет,Есеп комитеті мен Қаржы министрлігінің өкілдері енгізілген. Міне, осыған байланысты үстіміздегі 2016 жылы БҚО бойынша Тексеру комиссиясы үшін қорытындылардың бірі – аудиторлық шараларды өткізуден басқа  Есеп комитеті жанындағы республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын  «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу бойынша орталық» РМК –де қайта даярлау мен біліктілікті арттырудан және сертификаттау жөніндегі Ұлттық комиссияда әңгімелесуден табысты өткеніміз болды.Оған мемлекеттік аудитор біліктілін алу үшін талапкерлеріміз түгел қатысты.Нәтижесінде Ұлттық комиссияның шешімімен Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне «мемлекеттік аудитор» біліктілігі табысталды.

Айта кету керек, біз сөз етіп отырған заң мемлекеттік аудиторларға жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша өтіп кеткен мерзіміне қарамастан жеке жауапкершілік жүктейді. Яғни мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарынан жұмыстан шығып кеткеннен кейін де  өзі жүргізген аудиттің қорытындысы бойынша жауап беретін болады.Бұл сондай-ақ, мемлекеттік аудиторлардың кәсібилігін арттыруға және мемлекеттік аудитті жүргізген кездегі сыбайластыққа жол беру тәуекелдерін төмендетуге бағытталып отыр.

Тағы бір назар аударатыны аталмыш заңдар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың кешенді жүйесін енгізуге бағытталған,сондай-ақ, Елбасымыздың Бес институционалдық реформасында жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды қалтқысыз орындауға, сол арқылы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысандардың қызметіне бағалау мен сараптама жүргізу арқылы бұзушылық жөнінде ескерту жасауға мүмкіндік береді.

Заң күшіне енді. Алайда алдағы уақыттарда оның тармақтарында белгіленген талаптарды қалтқысыз сақтап, жүзеге асыру үшін бізді ұшан теңіз жұмыстар күтіп тұр. Заң баптарында көрсетілген талаптар мемлекеттік органдардың алдарында тұрған мақсаттарына жету үшін қызметтерінің тиімділігін арттыруға,бюджет қаржысын пайдалану мен мемлекеттік активтерді басқарудағы ашықтықты қалыптастыруға, қаржылық бұзушылықтарды дер кезінде және шұғыл ескертіп, оның сыбайластыққа жол беретін факторларын жоюға ықпалын тигізеді.

Сөзімнің соңында Еліміздің қаржы жүйесінде тер төгіп жүрген баршаңызды Ұлттық валюта күнімен құттықтаймын. Ел аман, тыныштығымыз бен теңгеміз беки берсін!

Орал өңірінде 12 қараша 2016 жыл жарияланды